ӨНЕРДЕ ҚАЛДЫ ӨНЕГЕҢ…
Бүгін М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде «Нұргүл» халықтық ән – би ансамблінің жетекшісі, Қазақстан Республикасы Мәдениет қайраткері, колледж ұстазы, Сүлейменова Қапиза Жұмабайқызын еске алуға арналған кешенді шара болып өтті. Мәні мен мазмұны ерекше шараға колледждің ардагер ұстаздары, Қапиза Жұмабайқызының үзеңгілес әріптестері, шәкірттері, көзін көрген түрлі сала өкілдері, отбасы, бауырлары мен ұстаздар қатысты.
Қатысушылар алдымен тақырыптық көрме және «Білім нұры» педагогикалық сабақтастық галереясындағы естеліктермен танысты. Колледждің мәжіліс залында өткен «Өнерде қалды өнегең…» атты рухани танымдық кеште оқу орнын ұзақ жылдар басқарған ардагер ұстаз, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Әлима Жақыпқызы, аймақ хореографтары атынан Ким Елена және Гүлбану Мырзабаева, Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университеті «Хореография және Арт менеджмент» кафедрасының аға оқытушысы, Қазақ ұлттық хореография академиясының докторанты Самал Бәкірова Қапиза Жұмабайқызы жайлы естеліктерімен бөлісті.
Колледждің «Жас толқын» клубы мүшелері аяулы ұстазға жүрекжарды туындыларын, өнерпаз ұстаздар әсем әндерін арнады. Аталған шара соңында ұлағатты ұстаздың сіңлісі Элеонора Жұмабайқызы әпкесі жайлы айтылған еске алу пікір, лебіздеріне ризашылығын білдіріп, колледж ұжымына естелік сыйлығын табыс етті.
Колледж директоры Жақсыгүл Қоханқызы кешті қорытындылап, оқытушы Ф.Қожахметованың қылқаламынан туындаған Қапиза Жұмабайқызының портреті мен колледжде сақталған суреттері салынған естелік-альбомын отбасына сыйға тартты. Еске алу кешінің жалғасы Қапиза апайдың ұлдары Бостан мен Серік аналарының рухына арнап құран бағыштап, қонақасын берді.
Құрметтейтін замандастары, қадірлейтін ұжымы, қастерлейтін ағайындары, сан мыңдаған шәкірттері барда, аяулы ұстаз есімі мәңгі жасайды.
Коментарии
Необходимо авторизоваться для просмотра комментариев. Войти